Түркияның ірі холдингтерінің бірі алдағы бес жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар жобаларға 650 миллион доллар инвестиция салуға дайын. Қазірдің өзінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Атап айтқанда, компания жыл соңына дейін елімізде жылыжай кешендерін салуды қолға алмақшы. Алғашқы жобаларды 2024 жылдың жазында аяқтау жоспарлануда. Ал бұл нысандар еліміздің оңтүстік өңірлерінде салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар минералды органикалық тыңайтқыштар өндіретін, азық-түлік өнімдерін өңдейтін және саудалайтын кәсіпорындар құру мүмкіндігі қарастырылуда, сондай-ақ, холдинг ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларға инвестиция салуды көздеп отыр.