Қазақстан
мен Грузия өзара сауда көлемін ұлғайтуға ниетті. Астанада екі елдің Премьер-министрлері
Олжас Бектенов пен Ираклий Кобахидзенің кездесуі өтті. Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу арқылы
транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды арттыруға назар аударылды. Оның
үстіне, Қазақстан мен Грузия арасындағы дәліз бойынша тасымал көлемі өткен жылы
62%-ке өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Қазір бағыттың инфрақұрылымды,
порт және терминалдық қуатты жақсарту, әкімшілік
кедергілерді жою және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары
жүргізіліп жатыр. Қабылданған
шаралар орта дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға
дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ретте қазақстандық
компаниялар Грузияда қуаттылықты арттыруға да қатысады. Биыл Грузияның Поти
портында жаңа мультимодальды терминалды іске қосу жоспарлануда.
Олжас
Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қасым-Жомарт Тоқаев
Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Түрлі
деңгейдегі белсенді диалог екіжақты тауар айналымын одан әрі әртараптандыруға
және кеңейтуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан-Грузия қарым-қатынасы барлық
бағыт бойынша қарқынды дамып келеді.
Ираклий
Кобахидзе, Грузия
Премьер-министрі:
- Бұл
менің Қазақстанға экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға
бағытталған алғашқы әрі маңызды ресми сапарым. Бүгінде мемлекеттеріміз арасында
ынтымақтастықтың түрлі бағытында үлкен жетістіктер бар. Біз Қазақстанмен
жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз.
Қазақстан
Грузияға ауыл шаруашылығы, металлургия өнімдерін, мұнай экспорттайды. Ал, жақында бұл тізімге
жалпы құны 66 миллион доллар болатын 35 тауар қосылды. Ауыл шаруашылығы
саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. АӨК өнімдерінің тауар айналымы 71
млн доллардан асты. Қазақстан бизнесінің Грузия нарығына ұн мен астық, өсімдік
майы, макарон өнімдері, сүт және кондитерлік өнімдерін жеткізу көлемін арттыруға
әлеуеті бар.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

