Былтыр Қазақстан мен Германияның екіжақты тауар айналымы 4 миллиард
долларға жуықтады. Бұл қарқын биыл да байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара
сауда-саттық көлемі шамамен 2 жарым миллиард долларға жуықтаған. Бұл туралы
мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге ресми сапармен келген Германияның
Федералдық канцлерімен кездесуінде
мәлім болды. Олаф Шольцтың бұл сапарының маңызы зор. Германия
Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Сондықтан, екіжақты келіссөздер өзара ынтымақтастықты
дамытуға тың серпін береді
деп күтілуде. Әңгімелесу барысында тараптар энергетика, «жасыл»
трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі және білім беру салаларындағы
ықпалдастыққа айрықша мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы
ынтымақтастығына жаңа серпін береді деп сенеміз. Себебі, елдеріміздің арасында
өзара сенім бар, берік достық қатынастар орнаған. Біз жаңа ғана шағын құрамда
екі жақты қарым-қатынастарымызды сауда, экономика, инвестиция саласындағы
ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аудардық. Бұдан бөлек, өзекті
халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық.
Олаф Шольц, Германия канцлері:
- Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін, экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация және бірнеше моморандум қабылдады.