Ақордада
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон келіссөз жүргізді. Естеріңізге сала
кетейік, Франция Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт
Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алып, Франция
Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел
экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Эмманюэль
Макрон екіжақты байланыстарға жоғары баға берді. Мемлекет басшылары
қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму
перспективаларын талқылады. Әсіресе, саяси диалогты нығайтуға,
сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және
мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, ҚР Президенті:
- Менің шақыруымды
қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан
мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты
қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте
маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін.
Эмманюэль
Макрон, Франция Президенті:
- Сапарды
ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты
серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті
халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде
аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді
тағы да нақтылай аламыз. Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз
экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ екі ел арасындағы
экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды
келісімдерге қол қоямыз.