Биыл суару маусымында Қазақстанның оңтүстігіне көршілес Өзбекстаннан
барлығы 922 млн текше метр су жіберіледі. Естеріңізге сала кетсек, қос ел
үкіметтері бұған дейін су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-ы отырысында «Достық»
мемлекетаралық каналы арқылы су алмасу туралы келісім жасалған болатын. Қазірдің
өзінде елімізге барлық су көздерінен 3,9 млрд текше метр су келді. Осының
арқасында Түркістан облысындағы шаруалар биыл мол өнім алатынын айтып, қуануда.
Жалпы, суару маусымы басталғалы Шардара су қоймасы арқылы Түркістан облысының
шаруаларына 682 млн текше метр су жіберілген. Бүгінгі таңда су қоймасында 2,6
млрд су бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен 600 млн текше метрге артық.
Ермек Иса, Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының
Шардара өңдірістік бөлімше басшысының орынбасары:
– Жалпы, қазіргі таңда жоғарыдан орта есеппен секундына
125 текше метр су келіп жатыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650
текше метр су жіберіп жатырмыз.
Төлепберген Артықов, дихан:
– Биыл су мол болды.
Халық разы. Жылда қиналатын едік, биыл жақсы. Қыстық суды да жақсы алдық, жазда
да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз.