Қазақстан мен Эстония Президенттері келіссөз жүргізді. Елімізге мемлекеттік сапармен Алар Карис келді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония – еліміздің маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Айта кетейік, мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнаған. Содан бері Қазақстан мен Эстония арасында шарттық-құқықтық база құрылып, әріптестік аясы кеңейіп келеді. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істеуде. Тараптар Эстонияның теңіз порттарының және Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдаланып өзара сауда-саттықты арттыруға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз.
Алар Карис, Эстония Президенті:
- Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине, әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр. Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет.
Келіссөздер қос ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекеттер басшылары экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады. Тараптар сауда-инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Эстония соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 128 млн доллардан астам инвестиция құйған. Биыл 9 айда өзара сауда-саттық 46 млн долларға жетті. Алыс-беріс әлеуеті бұданда жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл сапар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі.
Қазір Қазақстанда 80 астам эстониялық компания жұмыс істейді. Астанаға Эстониядан үлкен бизнес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Негізінен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік, логистика және транзит салаларының компаниялары. Биыл Қазақстан Эстонияның теңіз порттары арқылы 200 мың тоннадан астам астық экспорттады. Ендігі мақсат көрсеткішті 10 есе арттыру. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алар Карис Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Алар Карис, Эстония Президенті:
– Қазақстан - Эстонияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі. Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір.
Сондай-ақ, тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыруға
ниетті. Қазірдің өзінде бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды. Олардың
аясында Қазақстанның 10 және Эстонияның 6 университеті арасында студенттер,
оқытушылар және тәжірибе алмасу жоспарланған.

