Қазақстан мен ЕО: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Қазақстан мен ЕО: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары Қазақстан мен Еуро одақтың көпқырлы ынтымақтастығын кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашады. Еуропалық сарапшылар осылай дейді. Олар Қазақстанды Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі ретінде атап көрсетеді. Республиканың сыртқы саудасының жартысына жуығы Еуропалық одақтың үлесіне тиесілі, өткен жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Еліміз үшін Бельгия маңызды серіктес болып қала бермек. Мәселен, 20 жыл ішінде корольдіктің Қазақстан экономикасына инвестициясы шамамен 15 миллиард долларға жетті, Қазақстанда бельгиялық капиталы бар 100-ден астам кәсіпорын тіркелген. Сарапшылар еуропалық тараптың энергетика, аса маңызды шикізат материалдары, көлік және инвестиция салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылығына тоқталды. Еурокомиссия мен Еурокеңес тәрізді Еуропаның негізгі институттарымен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызы ерек. Сарапшылардың пікірінше, визалық режимді оңтайландыру және азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге бағытталған бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дамуына оң ықпал етеді.


Валерия Санти, саясаттанушы:


- Қазақстан, сөзсіз, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастарда маңызды рөл атқарып келеді және Еуро Одақ үшін өңірдегі дипломатиялық әрі экономикалық тірек болып саналады. Мұнда бірнеше негізгі бағыт бар: энергетика, стратегиялық маңызды шикізат ресурстары, көлік және климат мәселелері. Энергетикаға тоқталсақ, мұнда уран мен ядролық энергетикаға басымдық берілген.


Кейт О'Риордан, Brussels Institute for Geopolitics зерттеушісі:

- Қазақстан Еуропалық Одақ үшін экономикалық тұрғыдан да, дипломатиялық тұрғыдан да маңызды серіктес деп есептеймін. Соңғы жылдары Еуропада Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің стратегиялық рөліне қызығушылық арта түсті. Бұған, өңірге салынатын инвестицияны арттыруға бағытталған Global Gateway бастамасы оң ықпалын тигізеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?