Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің миссиясы аяқталды. Әскери қызметкерлерді кезең-кезеңімен шығару басталды. Алғашқылардың қатарында Ресей Федерациясының әскери құрамы бар.
Шетелдік контингентті шығарып салу рәсімі Құрлық әскерлері Әскери институтының алаңында өтті. ҚР Қорғаныс министрінің атынан Ұжымдық бітімгершілік күштері контингентінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірілді. Бұдан соң әскери қызметшілер Алматы әуежайына аттанды.
Айта кетейік, бітімгерлерді елден шығару бірнеше күнге созылады. Осы мақсатта арнайы 100-ге жуық рейс қарастырылған.
Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
- Бұл күндері қарапайым да маңызды мақсат бауырлас елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауға көмектесу болды. Миссия абыроймен атқарылды.
Андрей Сердюков, генерал-полковник, қолбасшы:
- Қысқа мерзімде азаматтардың өмірін қорғауға өз үлестеріңізді қоса білдіңіздер. Бітімгерлік күштің жігіттері иық тірестіріп, қазақ елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.