«Ат үстіндегі дәрігер». Бар өмірін дәрігер болуға арнаған Юматай Обакирулены жерлестері осылай атап кеткен. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы Шыңжаң қазақ автономиялық округі, Іле таулы жайылым маңайында күрделі жағдайында өмір сүретін бақташылар мен қарапайым ауыл тұрғындарының өмірін құтқарып келеді. Сіңірген еңбегі үшін дәрігер 2013 жылы «Қытайдың үздік ауыл дәрігері» атағына ие болды.
Юматай Обакируле, Бозадер ауылдық медициналық орталығының дәрігері:
- Мен өз ісімді мақтан тұтамын. Шопандар әлемнен жырақта, тауда мал бағады. Ауырған жағдайда жақын маңда дәрігер болмаса, оларға ешкім көмектесе алмайды.
Бозадер аймағы Қазақстанның шекарасына жақын орналасқан. 1978 жылы мұнда шағын фельдшерлік пункт ашылып, уақыт өте келе таулы ауруханаға айналды. Юматай Обакируле 1992 жылы медициналық институтты бітіргеннен кейін бірден осы аймаққа жұмыс істеуге келген. Дәрігер әуелгіде мұнда не жарық, не жол болмағанын айтады.
Юматай Обакируле, Бозадер ауылдық медициналық орталығының дәрігері:
- Қателеспесем, 1997 - 1998 жылдары болған оқиға. Қыстың қақ ортасы қаңтар болса керек. Түн жарымда бір шопан есікті қақты. Есікті аша салып, не болғанын сұрадым. Ол баласының ыстығы қатты көтеріліп, тіпті төсектен тұруға шамасы жоғын айтты. Біз сол бойда жолға шығып кеттік. Жетіп қалған кезде, бір жарты сағаттай уақыт қалғанда жартасқа тап болдық. Атыммен қосып құладық. Аяғымның қатты ауырғаны есімде. Ал сенімді серігім менен де ары 80-100 метрге дейін төмен құлап, бірден мерт болды.
Арада ширек ғасыр өткенен кейін Бозадердегі жолдар жақсарды. Ал медициналық орталықта күн панельдері мен генераторлардың арқасында электр энергиясы пайда болды. Алайда, мұнда дәрігерлер әлі де жетіспейді. Маман балалары ісін жалғасырады деген сенімде. Себебі Юматай да кезінде атадан қалған істі әрі қарай алып кеткен еді.
Авторы: Ақзер Сегізбай