Осыдан тура 29 жыл бұрын қыркүйек айында Қазақстан мен Беларусь елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Тараптар тәуелсіздік алған күннен-ақ өзара сенімді статегиялық әріптеске айналды. Қос республика мемлекет және түрлі ұйымдар арасында бірқатар келісімге тұрды. Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасы 80-нен астам халықаралық келісімнен құралған. Ол экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларды тегістей қамтиды. Тиімді байланыс 2026 жылға дейінгі мемлекетаралық экономикалық-әлеуметтік әріптестік келісімінің негізінде жүзеге асып келеді. Өзара барыс-келіс, алыс-беріс көлемі артып, тек тауар айналымының өзін 1 млрд доллардан асыру межеленген. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі уағдаластықтармен қатар түрлі жаһандық деңгейдегі халықаралық алаңдарда да көздеген мақсат-мүдделеріміз бір.
Павел Утюпин, Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз жақсы деңгейде орнаған парламентаралық байланыстың септігін көріп жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Бізде үкіметаралық тығыз қарым-қатынас бар. Сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық комиссия жұмыс істейді. Оларды қос елдің премьер-министрлері басқарады. Өндірістік кешен, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, технология салаларында жұмыс топтары құрылған. Екі елдің бизнес қауымдастығы да әріптестік аясын кеңейтіп келеді. Яғни мемлекеттік деңгейде шаруашылық субъектілеріне қолдау көрсетіп, демеу жасайтын институттардың дамуы мен олардың жұмысы бір ізге қойылған.
Авторы:Жеңіс Ермұқанов