Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары өңірлік кооперацияны дамытуды кеңейтілген форматта қарастырды

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысты. Әлемде болып жатқан күрделі процестер жағдайында Қазақстан Президенті өңірлік кооперацияны одан әрі дамыту жөніндегі ортақ пайымды тұжырымдауды маңызды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қабылданған шешімдер және оның алдағы уақытта тиімді жүзеге асырылуы ғасырлардан тамыр тартатын достық пен өзара қолдау рухындағы көпжақты серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 

Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз Орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады деп үміттенемін.

 

Саммит соңында Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады.