Біріккен Араб Әмірліктері - Қазақстанның негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауарайналымы 257 жарым млн долларға жуықтаған. 2005-2023 жылдар аралығында Парсы шығанағынан біздің экономикаға 4 млрд 100 млн доллар тікелей инвестиция тартылған. Қазір елімізде 442 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Тараптар алты жарым млрд доллардың жобаларын бірге жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – Жамбыл өңіріндегі жел станциясының құрылысы. Нысанның қуаты 1 гигаватт. Тағы 600 мегаватт жинақтауға мүмкіндік бар. Бекітілген жол картасына сәйкес жаңа станция 2029 жылы іске қосылуға тиіс.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылған энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
- Біздің инвестициялық климаттық ахуал жақсы деңгейде болғандықтан Қазақстанда стратегиялық маңызы бар жобаны жүзеге асырамыз деген шешім қабылданды. 2024 жылдың қараша айында Әзербайжанда өткен КОП29 конференциясында жобаны іске асыру туралы ҚР Энергетика министрлігі MASDAR компаниясымен Инвестициялар туралы келісімге қол қойды. Бұл дегеніміз жобаның нақты талаптары бекітілді. Яғни, инвесторлар құрылыс жұмыстарына желді өлшеу жұмыстары аяқталған соң кірісе алады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

