Қазақстан мен Латвия жаңа көлік бағыттарын құруға ниетті. Тараптар мемлекеттер арасындағы қолданыстағы көлік дәлізін, атап айтқанда, Рига, Вентспилс және Лиепая порттары арқылы дамытуға дайын. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Ведомствоның келтірген мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстаннан Рига порты арқылы 1 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Вентспилс арқылы 3 миллион тоннадан астам, Лиепая арқылы 36 мың тонна көмір мен 36 мың тонна алюминий құймасы жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Латвия тауар айналым көрсеткіштерін ұлғайтуға мүдделі. Мәселен, статистикаға сәйкес, 2022 жылы қос тарап арасындағы сауда 2021 жылмен салыстырғанда 3,7 рет ұлғайып, 216 млн доллардан асты. Жалпы өткен жылдың екі тоқсанында Латвиядан елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22 млн долларды құрады.