Орталық Азия елдері мен АҚШ
арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру
мәселелері Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында
талқыланды. Жиын Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен
өтті. Кеңес жұмысына дипломатиялық корпус, халықаралық компаниялар, сондай-ақ
мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Үкімет басшысы Қазақстан жаңа
Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдум қарсаңында маңызды саяси
кезеңнен өтіп жатқанын атап өтті. Жаңа Ата заңның жобасы Президенттің Әділетті
әрі Қуатты ел құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Сонымен
қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы
отырысына қатысуы атап өтілді. Еліміз АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жағдайды
тұрақтандыру жөніндегі бастамаларына қолдау білдіріп, Газаны қалпына келтіру үдерістеріне
қатысуға мүдделілігін растады. Премьер-Министр Құрама Штаттарымен
қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі
бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ отырыста шетелдік
инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту, ашық және болжамды орта қалыптастыру
мәселелеріне назар аударылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз
ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы
мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған
кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Ұзақмерзімді капитал ағынын, технологиялық
шешімдер трансфертін және озық халықаралық тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз
ету үшін шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылды тереңдетуге айрықша маңыз
беріліп отыр.
Джули Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
- Бүгінде жоғары деңгейде қалыптасқан өзара байланыстарымыздың одан әрі
кеңейе түсетініне сенімдімін. 2025 жылы біздің іскерлік
ынтымақтастығымыз рекордтық көрсеткішке жетті. Тек төртінші тоқсанда АҚШ
компаниялары мен Қазақстан арасындағы мәмілелер көлемі 17 миллиард долларды
құрады. Бұл – жақсы нәтиже.

