Қазақстан мен
Солтүстік Македония сауда-экономикалық байланысын кеңейтуде. Өзара ықпалдастық
әлеуетін Скопьеде республикамыздың сауда және интеграция министрі Арман
Шаққалиев пен ел президенті Гордана Силяновска-Давкова талқылады. Солтүстік
Македонияның сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскимен
кездесуде тауар айналымының тұрақты өсіміне назар аударылды. Бұл міндет Іскерлік
кеңеске жүктелмек. Оны құру туралы келісімге Қазақстан мен Солтүстік
Македонияның мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен
өткен бизнес-форумда қол қойылды. Тараптар сондай-ақ инвестиция тарту және
экспортты ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Сауда, транзиттік бағыттар мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі
жобалар ерекше қызығушылық тудырды. Бизнес-форум қорытындысы бойынша 500 млн
теңгенің келісіміне қол қойылды.
Арман Шаққалиев,
ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біз Солтүстік
Македонияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі әлеуетті серіктесі ретінде
қарастырамыз. Біздің елдің экспорттық әлеуеті 320 млн доллардан асады.
Сондай-ақ Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көлік-логистикалық хаб
саналады. Осы орайда Орта дәліз тиімді және тұрақты жеткізу тізбектерін
қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ал Солтүстік Македонияның географиялық
орналасуы Балқан және Оңтүстік-Шығыс Еуропа нарықтарына қолжетімділікті
қамтамасыз етіп, осы бағыттың маңызды құрамдас буынына айналуға мүмкіндік
береді.

