Қазақстан Қытайдың Шаньдун провинциясымен аграрлық сала бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті. Бүгінде екі жақты тауар айналымның 6% аспан асты елінің аталмыш өңіріне тиесілі. Тараптар өзара алыс-берістің көлемін ұлғайту үшін Астанада өтетін форумда бірқатар сауда-экономикалық келісім жасасуға мүдделі. Бұл жөнінде Қазақстанның Премьер-Министрі мен ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У уағдаласты. Кездесу барысында Әлихан Смайылов біздің тараптан төл өнімдерді Қытай нарығына одан әрі ілгерілетумен қатар, өзара әріптестіктің жаңа бағыттарын қарастыруға қызығушылықтың барын жеткізді. Мәселен, таяуда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Алматыдан Қытайға қазақстандық арпаның алғашқы легі жөнелтілді. Осы «Қытай–Еуропа» бағыты бойынша жеткізілетін жергілікті тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейту көзделіп отыр. Өз кезегінде Лин У ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысының әлеуетін арттыруға болатынын айтты. Ол осы мақсатта аспан асты елінен 100 астам компания өкілдері арнайы келгенін тиек етті.