Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында ел экономикасының өсу қарқыны 4,6 процентке дейін жеделдеді. Нақтыласақ сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салалары оң өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі хабарлады. Әлібек Қуантыров мәлім еткендей, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалып отыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
– Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсуідің жеделдеуі, экспорт көлемінің жоғары өсуі байқалуда. Нақты сектордағы өсім 4,8%-ті құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ке дейін ұлғайды.
Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов алдағы уақытта да өңірлерде оң көрсеткіш байқалуы үшін жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер осы жұмыс қарқынын әрі қарай да сақтауы тиіс деді. Оның айтуынша, ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет.
Әлихан Смайлов, ҚР Премьер-министрі:
– Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 14 процентті құрады. Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19 процентке жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.