Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін дамыту перспективалары

Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін дамыту перспективалары

Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуінде Қазақстан мен Қытай арасындағы  жан-жақты стратегиялық әріптестігінің жай-күйі мен даму әлеуеті талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті мен Си Цзиньпиннің бұған дейінгі кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларында ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар тараптар трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілді екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Қытай Халықтық Республикасының Үкіметі әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған қазіргі кезеңде экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселені тиімді шешіп отыр. Қытайдың жаһандық экономиканың орнықты дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға қашанда ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-дың сенімді стратегиялық серіктесі әрі тату көршісі болды келді және келешекте де солай болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатыр. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етуде.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуінде Қазақстан мен Қытай парламентаралық қатынастарын нығайту жағы сөз болды. Сондай-ақ тараптар кең көлемдегі екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын тілге тиек етті.  Қазақстан Президенті екі ел мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзара тауар айналымын алдағы уақытта 40 млрд долларға дейін жеткізу көзделгенін, жалпы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі екеінін жеткізді.