Баламалы қуат көздеріне 3,7 млрд доллар инвестиция тартылды

Қазақстан «жасыл» энергетикаға 3,7 млрд долларға жуық инвестиция тартты. Бүкіләлемдік климаттық саммитте тиісті құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Энергетика министрлігі мен Азия даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Ол қаржы институтының энергетикалық ауысу тетігі арқылы көміртегі бейтараптығы жөніндегі мақсаттарға қол жеткізудегі ынтымақтастықты көздейді. Оның мақсаты - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ұлғайту, энергия тиімділігін арттыру және энергия өндірісіне жаңа технологияларды енгізу. Сонымен қатар, Қытаймен тағы бір келісім жасалды. Ол жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған. Инвесторлар қуаттылығы 22 гигаватты құрайтын 4 нысанды салады деп күтілуде. Барлық жобаны 2035 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Ал БАӘ Жамбыл облысында жел электр станциясын салады. Жоба бойынша күтілетін инвестиция сомасы - 1,5 млрд долларға тең.


Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:


- Қазақстанда мұндай технологиялар, технологиялық шешімдердің болуы көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде, көміртексіз дамуда айтарлықтай жетістіктік бар екенін білдіреді. Біздің күн тәртібімізде желден қуат алатын жаңартылатын энергия көздері күн, биогаз, шағын ГЭС, орта ГЭС бар. Яғни, тұтастай алғанда бұл әртараптандырылған портфель болады.


Бүгінде Қазақстанда 148 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейді. Олардың электр энергиясының жалпы генерациясындағы үлесі 6,6%-ті құрайды. 2030 жылға қарай ол 30, ал 2050 жылға қарай 50%-ке жетуі тиіс, дейді сарапшылар.


Жақып Хайрушев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарушы директоры:


- Жоспарлап отырған электр энергиясының экспорты жалпы Қазақстанда баламалы қуат көздерін дамытуды ынталандырады. Сондай-ақ, инвестициялар ағынын арттырады. Бұл экономика үшін өте тиімді. Сонымен қатар, біз отандық бизнеске де, шетелдік инвесторларға да Қазақстанда осындай технологияларды дамыту бойынша мүмкіндіктер бар екенін білдіреміз. Бүгінде заңнамалық база, институционалдық база осындай жобаларды жетілдіріп, саланы тартымды етуге мүмкіндік береді.


Әсел Күшенғалиева