Зейнеткерлік жасын төмендету зейнетақы салымдары көлемінің кемуіне алып келеді. Премьер-министр Әлихан Смайылов сенатор Дана Нұржігіттің әйелдердің зейнет жасына қатысты депутаттық сауалына осылай жауап берді. Оның айтуынша, өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көршілес Әзербайжан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде де қолға алынып жатыр. Осы өзгерістерді есепке ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталып жатқанын тілге тиек етті. Айта кетейік, елімізде 2018 жылдан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға артып келеді. Осы үдеріс кезең-кезеңімен 10 жылда іске асырылады.
«Қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді. Нәтижесінде жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өсетін болады. Сондықтан, зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді», - деп түсіндіреді Премьер-министр.
Үкімет басшысы қолданыстағы көп деңгейлі зейнетақы жүйесін қалдыру орынды деген ұстанымын білдірді. Әлихан Смайыловтың дерегінше, соңғы 10 жылда зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе, яғни 3 мыңнан 30 мың теңгеге дейін өскен. Нәтижесінде зейнетақы жинақтары 12,9 трлн теңге, ал белсенді салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 9 млн-ға жетіп қалды. Премьер-министр, мемлекет жыл сайынғы инфляцияны ескеріп. зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беретінін атап өтті.