Қазақстан қос Корея арасындағы келіссөздерге көмектесуі мүмкін

Қазақстан Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы келіссөздерге көмектесуі мүмкін. Бұл жөнінде Сеулде орналасқан Асан саяси зерттеулер институтының директоры хабарлады. Оның айтуынша, Солтүстік Кореяны қарусыздандыру үшін халықаралық ұйымдардың немесе Қазақстан секілді елдердің көмегі қажет. Сондай-ақ Хан Сын Джу Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат бүкіл Орталық Азия аймағымен ынтымақтастықты арттыруға әсер етпек.

Айта кетейік, Сеул мен Нұр-Сұлтанды Қазақстандағы жүз мың корей ұлтының өкілдері байланыстырады. Сондай-ақ Кореяны Қазақстанның ядролық қарудан бас тартудағы бірегей тәжірибесі қызықтырады.

Хан Сын Джу, Асан саяси зерттеулер институтының директоры:

- Ядролық қаруға иелік еткен және өз еркімен одан бас тартқан елдер өте аз. Қазақстанда осындай тәжірибе бар және ол үлгі болып табылады. Солтүстік Корея ядролық қарудан арылғысы келмейтінін көрсетіп отыр. Біз тікелей келіссөздер жүргізіп, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға сендіру үшін халықаралық ұйымдардың немесе Қазақстан секілді елдерінің көмегі қажет. Менің ойымша, Солтүстік Кореяны қарусыздандыру қарулы қақтығыссыз өтуі керек. Сондықтан Қазақстан мен Корея арасында жасалған меморандумның маңызы өте зор.