Қытай төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Қытай төрағасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Си Цзиньпинді елорда әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация қарсы алды.

Аспан асты елінің басшысы бұл сапар  «Қытай-Қазақ қарым-қатынасының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді» деген сенімде. Бұл туралы ол Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына арнап жазған  авторлық мақаласында айтты. Қытай басшысы екі елдің тату көршілікті ту етіп дамуы уақыттың талабы екенін айтады. Мақалада Си Цзиньпин Қазақстан аумағында қытай инвестициясына іске асып жатқан жобалардың бірнешеуіне тоқталып, «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» дәлізінің іркіліссіз жұмыс істеп тұрғанына назар аударды.

«Біз іскерлік ынтымақтастықта өзара пайда мен бірлесіп даму рухында жаңа таңғаларлық нәтижелерге қол жеткіздік. Екіжақты сауда-саттықтың былтырғы көлемі рекордтық деңгейдегі 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы. Жаңатас ЖЭС-і, Тұрғысын ГЭС-і сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды жобалар табысты іске қосылды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары мен күрделі жөндеу аяқталды. Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбырлары қауіпсіз әрі тұрақты негізде жұмыс істеп тұр, ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрін жеткізуге байланысты кедендік рәсімдерді жеделдететін жасыл дәліз құрылды, қытайлықтардың дастарханында Қазақстанның сапасы жоғары, экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылығы өнімдері барған сайын көбейіп келеді»