Қазақстан – Еуразия жүрегі. Қазіргі уақытта елімізде 100-ден астам этнос өзара түсіністік пен келісім жағдайында ғұмыр кешуде. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Елорданың өзінде барлық әлемдік діндердің өкілдері бар екенін атап өткен жөн.
Бауыржан Диқанбаев, Нұр-Сұлтан қ. Дін Істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:
– Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 14 конфессияның 54 діни бірлестігі тіркелген, оның 13-і – ислам, алтауы – православ, төртеуі – католик, 25 –протестанттық болса, сондай-ақ, иудаизм және Кришна қоғамы бар. Діни нысандарға келетін болсақ, елордада 12 мешіт, 6 православ, 4 католик, 10 протестант шіркеуі, 1 синагога, жалпы саны 30 ғимарат жұмыс істейді.
Елордалық дін істері басқармасы өкілінің айтуынша, түрлі конфессия мүшелерінің арасында қолайлы қарым-қатынас қалыптасқан, олар өзара сенімді ықпалдастыққа негізделген. Жалпы, конфессияаралық байланыстардың қазақстандық моделі өзге мемлекеттер үшін жарқын мысал екені анық.