Биылғы оқу жылын 3 млн 700 мыңнан астам оқушы тәмамдаған. 172 мың түлек 11 сыныпты бітірсе, оның оның 6 мыңнан астамы «Алтын белгіге» үміткер. Ал 9- сыныпты 288 мыңнан астам түлек тәмамдады.
Айта кетейік, биылдан бастап оқу жылының 36 аптаға ұзартылуына орай Соңғы қоңырау салтанаты Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұл күн бір жағынан қуанышты болғанымен, екінші жағынан мектеп бітіру емтихандары алдындағы қобалжулы сәттер. Мен сіздердің әрқайсыларыңыз Ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтіп, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін. Колледждер мен кәсіптік техникум түлектері үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сіздер сапалы білім алып қана қоймай, өз білмдеріңіз бен біліктіліктеріңізді тәжірибеде қолдануды үйрендіңіздер. Бүгінде Қазақстанда орта кәсіби білім жүйесі жаңа қарқынмен дамуда. Оқу үрдісіне болашақ жұмыс берушілерді тарту арқылы кадр даярлаудың тиімділігін арттыруға қол жеткізілді. Қадірлі түлектерімізге ақ жол тілеймін.
Алдағы жазғы демалыста 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамын сауықтыру шараларымен қамту көзделіп отыр. Оқушылар үшін 10 мыңнан астам үйірме жұмыс істейді. Демалыс орындарында 3 млн-ға жуық жеткіншек демалады деп жоспарланып отыр.