Қазақстан алдағы қауырт маусымға ерте бастан қамдануда. Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында су тасқынына қарсы күрес шаралары талқыланды. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдардың сақадай сай болуы маңызды. Бұның қамында жаңа мемлекеттік құрылымдар жасақталды. Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы іске қосылды. Оның базасында техногендік және табиғи апаттарды болжау және талдау үшін бірнеше цифрлық сервистер біріктірілді. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынымен күресу үшін төтенше жағдайлар министрлігінде 37 мыңнан астам адамнан тұратын арнайы күштер тобы құрылды. Жалпы, құтқарушылар кез келген оқиғаға ден қоюға дайын. Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі таңда су басу қаупі бар аймақтарда 1200-ден астам елді мекен бар.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов.

