Қазақстан-Канада: жасыл энергетиканы дамыту

Қазақстан мен Канада энергетика саласында байланысын нығайтуға мүдделі. Солтүстік Америка мемлекетінің өкілдері осы мақсатта Астанаға келді. Айта кетерлік жайт, қос ел де табиғи рессурстарға бай. Мұнай-газ және көмірдің ірі өндірушісі саналады. Ортақ дүние бұл ғана емес. Тараптар бірлесіп жасыл энергетиканы дамытуға ынталы. Әсіресе баламалы қуат жөнінде канадалық Альберта провинциясының бізге ұсынары көп. Бұл әлемдегі күн, су, жел және биоэнергия түрлерінің қоры мол әрі жасыл технологияларды ірі экспорттаушы өңірлердің бірі.

Ааридж Башир, Альберта провинциясының жұмыспен қамту, экономика және сауда министрлігінің департамент директоры:

– Альберта мен Қазақстан қоршаған орта және климат жағынан ұқсас. Біздің жасыл технологияларды қолдану арқылы Қазақстанда энергетикалық секторды дамыту және тұрақтылыққа қол жеткізу үшін әлеует мол деп санаймын. Канадада осы бағытты орнықты дамытуға, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және өндіріс әдістерін жетілдіруге баса назар аударылады. Көміртек ауаға тарамас үшін, қалдықтарды дұрыс сақтаудың өзі маңызды. Альберта Канададағы осы технологиялар бойынша көшбасшы. Бұл тәжірибені Қазақстанда ендіру үшін барлық алғышарт бар деп есептеймін.

Бұл альберталық және отандық сала мамандарының алғашқы кездесуі. Алда бұл бағытта әлі бірқатар кеңестер мен келіссөздер жүргізіледі. Мұндағы басты мақсат жаңартылған қуат көздерінің бірлескен жобаларын жасау. Жергілікті тарап елімізде «жасыл» технологияларды ендіруге табиғи ресурс пен білікті маман жеткілікті екенін алға тартады.  

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:

– Тағы да жасыл энергетикада өте үлкен  шаралар қабылданады деп ойлаймын. Енді келесі сессияларда біз инвестициялар тарту жөнінде келісімшарт қарастырамыз. Жақсы идеялар, жақсы ойлар болса, әрине біз Қазақстанды қолдаймыз. 

Жәнібек Катренов, Bolashaq қауымдастығының төрағасы:

– Қазақстанда кадрлық әлеует бар. Әлемнің жоғары қатарлы оқу орындарында оқып келген кадрлар бар. Қаласаңыздар, тек Канаданың өзінен 300 жуық оқып келген түлек бар. Сондықтан біздің елге инвестиция құюға болады. Бізбен бірге жобалар жасауға болады.