Бұған қоса, жаңа сүт-тауарлы фермаларды құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту үшін 24 жоба жеңілдетілген қаржыға қол жеткізеді. Үкіметте осы және өзге де басымдықтар көзделген инфляцияны бақылау және төмендету үшін 2023-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар қаралды. Құжат өндіріс көлемін арттыру, тауарларды сақтау, бөлшек сауда мен логистиканы жүйелі жетілдіру қамында 93 жедел және орта мерзімді шараны қамтиды.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министі:
- Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс материалдарын, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша импортты алмастыратын жобаларды іске асыру жалғастырылады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы құс етін өндіру бойынша 19 жобаны және ет өнімдерін өңдеу бойынша 17 жобаны іске асыру басталады, бұл 249 мың тонна құс етін және 320 мың тонна ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, жаңартылған жоспарда транзиттік ағындардың әлеуетін кеңейту қамында жаңа бағыттар ендіріліп, отандық жүк тасымалдаушылардың үлесі 30 дан 50%-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ жүйелі шаралар шеңберінде бағаларды талдау және болжау жөніндегі ахуалдық орталық құрылып, баламалы деректер негізінде инфляцияға мониторинг жүргізуіледі. Яғни әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің, жанар-жағар май, көмір мен дәрі-дәрмектер құнын тұрақтандыру межеленген.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15% мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Біз ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салуымыз қажет. Сонымен қатар тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсетуге тиіспіз. Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек.