Қазақстан мен Қытай бизнесі жалпы құны 5,2 млрд доллардың құжаттарына қол қойды. Астанада іскерлік кеңес аясында тараптар экономикалық бағытта 45 жаңа келісім жасасты. Олар негізінен өңдеу өнеркәсібі, машина жасау мен инфрақұрылымдық және жасыл энергетика бағыттарында бірқатар бірлескен жобалар.
Мәселен 2026 жылы ел аумағында парагаз станциясы іске қосылады. Ал 2027-де жылына 430 мың тонна бидайды өңдеуге қауқарлы зауыт салу жоспарланған. Бұл тізімде қоқыс өңдеу жобасы да бар.
Ли Джо Гы, энергетикалық компанияның вице-президенті, Қытай:
– Біз Астана қаласында тұрмыстық қалдықтарды жағудың есесіне электр энергия өндіретін зауыт құрылысына инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Осылайша, күнделікті бір жарым тоннадай қоқысты кәдеге жарата аламыз. Біздің компанияның әлем бойынша осы текті жобалары көп. Олардың бәрінде де экологиялық стандарттар қатаң ескеріледі. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп, жұмсалатын қаржы көлемін есептеп жатырмыз. Оны Астана қаласының әкімдігімен бірге іске асырамыз.
Транскаспий халықаралық дәлізінің әлеуетін арттыру қамында ортақ ауқымды бастамалар да жоспарланған. Бұл жолы теміржол арқылы жүк тасымалдауға ден қойылмақ.
Ғабидолла Оспанқұлов ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
– Оның нәтижесінде тауар тасымалы бірден ұлғаятын болады. Бұл Еуропа мен Қытайдың ортасындағы Қазақстан үшін өте үлкен мүмкіндік. Және инвесторлардың Қазақстанға келуінің де бірден-бір себебі – екі арадағы Қазақстанның жылдам және арзан бағамен тауарларының жеткізілуі. Жалпы жыл сайын экономикалық қарым-қатынастың өсіп келетінінің белгісі – былтырғы тауар айналымы 42 млрд АҚШ долларына дейін жетті.
Жаңа келісімдер елдеріміздің барыс-келісі мен алыс-берісін еселейтіні сөзсіз. Инвестициялар ағыны артады. Мәселен кейінгі 20 жылда Қытайдан отандық экономикаға тартылған тікелей инвестиция көлемі 25 млрд долларға жуықтады. Бүгінде Қазақстанда Қытай капиталымен 4 мыңнан аса компания тіркелген.