1 тамыздан елде инновациялық гранттар байқауына өтінімдер қабылдау басталады

Қазақстанда 1 тамыздан инновациялық гранттар байқауына өтінімдер қабылдау басталады. Оған өндірісінің ауқымы кең, төл өнімін экспорттқа бағдарлау сынды негізгі өлшемдерге сәйкес келетін шағын бизнес өкілдері қатыса алады. Бұл туралы «QazInnovations» ұлттық агенттігінің өкілі Данияр Бектенов мәлімдеді. Айтуынша, байқау шартты түрде екі кезеңге бөлінген. Оның алғашқысында қатысушыға 20 миллион теңгеге дейін грант беріледі.

Данияр Бектенов, «Qazinnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ орталығының  директоры:

– 2 кезең бар, біріншісінде өнімнің жетілдірілуімен, екінші бөлігінде нарыққа толыққанды шығуымен ерекшеленеді. Негізінен бес шарт қойылады. Ең алдымен, ол шағын кәсіпкерлік субъектісі болуы тиіс, сондай-ақ мақұлданған жағдайда 10%-тік қоса қаржыландыруға дайын болуы керек. Оның MVP-і яғни, өз өнімінің прототиптік үлгісінің болғаны дұрыс. Бұған қоса, құрамында 5 адамнан аспайтын команда және акселерация сертификаты талап етіледі.  

Байқауға қатысу үшін онлайн-өтінімді алдағы қыркүйек айының ортасына дейін жіберу қажет. Грантты Қазақстанда тіркелген кез келген заңды тұлға иемдене алады. Ең бастысы өнімі, өндірістік үрдісі немесе қызметі «ноу-хау» ұғымына сәйкес келгені абзал.  

Данияр Бектенов, «Qazinnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ орталығының  директоры:

– Елімізде баламасы жоқ немесе бұрындары өндірілмеген бірегей бастамалар инновацияға жатады. Оның өзі азық-түлік немесе кез-келген үрдіске қатысты әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, кәсіпкерлікке өзгеше қырынан қарап, Қазақстанда ешкім қолға алмаған жаңа бизнес-модель құруға болады. Немесе біздің нарықта кезіге бермейтін, бірақ сұранысқа ие болу әлеуеті зор жаңа өнім шығару.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов