А. Мамин: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тиімділігін дәлелдеді

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Пандемияға қарамастан, жобалардың саны 900-ден 2600-ге дейін ұлғайды. 2,5 есеге өскенін көріп отырмыз. Ал олардың сомасы 3,5 есе артып, 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар, отырыс барысында қазақстандықтардың отандық өнімге қызығушылық танытуы жоғарылағаны да айтылды. Өндіріс көлемі 2,5 процентке өскен. Халық арасында сұранысқа ие негізгі отандық тауарлардың қатарына тамақ, жиһаз, құрылыс материалдары және киім-кешектер жатады. Осыған байланысты импорттың үлесі төмендей түседі.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде тиімді шаралар әзірленді. Соның нәтижесінде жергілікті қамту үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 1,5 мыңнан аса отандық кәсіпорынды қолдауға мүмкіндік берді. Өнім сатып алуда жергілікті кәсіпорындардың жоғары өсу серпіні байқалады. Оларды атап өтетін болсақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін 38%-дан 68%-ке  дейін, жиһаз өнеркәсібі өнімдерін 39%-дан 71%-ке, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін 41%-дан 74%-ке, құрылыс материалдарын 34%-дан 71%-ке дейін өсті.

Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды.

 

Авторы: Әсел Күшенғалиева