2022 жылы Электронды сауданың көлемі 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін

Жаһандық пандемия электронды коммерцияның қарқынды түрде дамуына серпін берді. Қазақстандағы онлайн алыс-берістің көлемі едәуір ұлғайғаны жөнінде сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында айтылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, карантиндік шектеу шаралары кезінде интернет арқылы бөлшек сауда көрсеткіші күрт артқан. Бұл орайда, әсіресе, дәрі-дәрмектің, тұрмыстық заттардың және азық-түлік саудасының өсімі байқалды.

Мәселен, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында электрондық коммерция нарығы 435 млрд теңгені құраған. Ал жылдың соңында бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңгеге жеткен. Бұл өз кезегінде елде қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының еселенуіне ықпал еткен. Ұлттық банк берген мәліметтерге сай, оның көлемі 2,5 есеге ұлғайған. 

2022 жылы сауданың жалпы көлемінің 13 проценті интернет арқылы бөлшек саудаға тиесілі болмақ деп болжайды, сарапшылар.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

 - Пандемия біздің жұмысымыздың барлық бағыттарына әсер етті. Бұл сыртқы сауда және ішкі үрдістерімізге бірдей қатысты. Ол сауда-саттыққа қатысты үрдістерді цифрландырудың маңызын тағы бір танытты. Оны барынша жеделдете түсуіміз керек. Бұл, ең алдымен экспорт пен сауданың тұралап қалмауы үшін қажет. Сондықтан біз өткен жылы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастап, сандық үлгіде интеграцияға қатысты бірқатар жобаны қолға алдық. Сондай-ақ цифрландырудың жүйелі жоспарына сәйкес, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген «цифрлық әмиян» жобасын іске қосамыз.

  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов