Қазақстан Иранға жылына 2 млн тонна бидай мен 1 млн тонна арпа жеткізуді
көздеп отыр. Бұл жөнінде еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов Иранның ауыл
шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельджемен кездесуде мәлімдеді. Жиында
агроөндірістік кешен саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланды. Ирандық тарап
мал және құс шаруашылығы бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Биыл 4
айда бұл Ислам еліне отандық ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 3 есе өскен.
Осы кезеңде екі ел арасындағы жалпы тауарайналымы 80% жуық артты.
Голамреза Нури Гезельдже, Иранның ауыл шаруашылығы жихады
министрі:
- Кездесу нәтижелі болды. Біз екі ел арасында көптеген
мәселелерді талқыладық. Иран арқылы Парсы және Оман шығанақтарына өтетін
«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі шеңберінде Қазақстанның мүмкіндіктерін пайдалану,
сонымен қатар көлік және логистика, инфрақұрылым саласындағы әлеует пысықталды.
Бұдан бөлек, Қытайдан шығатын темір жолды Қазақстан мен Түрікменстан арқылы
Иранмен жалғастыру мәселелері қаралды.

