Қазақстан мен Иран жалпы құны 93 млн долларға жуықтайтын келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлер бұл елге 250 млн долардың өнім түрлерін жеткізуге дайын екендерін жеткізді. Тегерандағы бизнес-форум нәтижелері осындай болды. Онда 50-ден астам қазақстандық және 230 тарта ирандық іскер азамат бас қосты. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Осылайша, Қазақстан Ислам Республикасына бидай, арпа, ұн және өсімдік майларын жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Былтыр елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 340 млн долларды құрады. Бұл 2023-ші жылмен салыстырғанда 12%-ке артық. Ал, өзара ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі үштен бірге өсіп, 220 млн долларға жеткен.
Абылай Санан, кәсіпкер:
- В2В-кездесулер барысында бірқатар ирандық компаниялармен жүздестік. Қазірдің өзінде олардың тауарларының импорты және біздің өнімдердің экспорты бойынша көптеген келісімдер жүріп жатыр. Мұндай іс-шараларды өткізу біздің елдеріміздің экономикасына да, басқа елдердің экспортқа бағдарлануына да оң әсер етеді деп санаймын.

