Қазақстанда мемлекеттік органдардың жұмысында цифрлық
технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану аясы кеңейеді. Бұл туралы Премьер-Министр үкіметтің көшпелі отырысында мәлімдеді. Олжас Бектенов ел
экономикасын ынталандыру үшін цифрлық орта құрудың маңызды екенін баса айтты.
Осыған орай жасанды интеллектіні одан
әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер
қорының қолжетімділігі бойынша бірыңғай тәсілдер әзірлеуге ден қойылмақ. Үкімет
басшысы Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және
әкімдіктермен бірлесіп, цифрлық технологиялар мен нейрондық желілерді енгізіп, іске
асырып жатқан өндіріс орындарды қолдаудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Ғылым
және жоғары білім министрлігі болса, 2025 жылы мемлекеттік органдардың
қызметкерлері оқытылатын оқу бағдарламалары мен курстарын дайындауы керек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі
цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі өзгерістерге жәрдем
беруге тиіс екенін атап өтті. Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және
төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде
әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық
шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы
Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды
интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасатын болады.

