Инвесторларға берілетін визаның жеке санаттары және ел аумағына енуді жеңілдету. Қазақстан экономикалық ашықтықты ұстанып, капитал мен жоғары білікті мамандарды тарту жөніндегі шаралар атқарады. Осылайша, 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдауды реттеу бойынша қосымша өзгерістер орын алмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады. Оның айтуынша, инвесторлар үшін арнайы визалар қарастырылады, олар инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне беріледі. Мұндай формат жеңілдетілген тәртіппен нарыққа кіруге, ірі бизнесті іске қосуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандар үшін де преференциялар сақталады. Олар үшін тұрақты тұру мүмкіндігін қоса алғанда, жекелеген визалық санаттар қолданылады. Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде биыл мамандықтар тізбесі жаңартылады. Бұл жұмыс экономиканың қажеттілігін ескере отырып, ұдайы жүргізілмек. Сондай-ақ, жоғары білікті кадрлар мен цифрлық көшпенділер үшін визалардың жаңа форматтары енгізілуде. Бұл шаралар елге инвестициялар, технологиялар мен кәсіби ресурстар ағынын күшейтеді.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің
орынбасары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Тұрақты тұруға арналған санатты қоса алғанда, арнайы визалар сұранысқа ие шетелдік
мамандарға да беріледі. Олардың қатарында нейрохирургтар,
гематологтар, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, бактериологтар,
графикалық анимация техниктері және басқалары бар. Тізімде барлығы 51 мамандық
бар, бірақ бұл өзгеріссіз қатып қалған тізім емес, - экономикалық
қажеттіліктерге байланысты мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша
үнемі өзгертіліп, сәйкестендіріліп отырады.

