Қытайлық кәсіпкерлерге Солтүстік Қазақстан өңірінің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қытайлық кәсіпкерлерге Солтүстік Қазақстан өңірінің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Елордадағы ҚХР елшілігінде өткен бизнес-форумда Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Іс-шара қос жақтан 100-ден астам қатысушыны жиды. Қазақстандық тарап Аспан асты елінің бизнес өкілдеріне өңірдің кәсіп жүргізуге тиімді тұстарын паш етті. Астықты өлкеде өңдеу өнеркәсібі дамыған. Арнайы экономикалық аймақ пен инвесторларды қолдаудың түрлі тетіктері жұмыс істейді. 

Қанат Дүзелбаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Облыстың экономикалық өсімінің жоғары деңгейі, бірінші кезекте, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша белсенді түрде жүргізіліп жатқан жұмысқа байланысты. Сондықтан, қазір өңірде жалпы құны 1,7 млрд доллар болатын 51 инвестициялық жобаның пулы жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда 2,5 млрд доллар инвестиция тартылды. Үш жыл ішінде нақты өсім 133% құрады. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 680 млн долларға жетті.

Хань Чуньлинь, ҚХР-ның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бізді Солтүстік Қазақстан облысының пайдалы қазбалар саласындағы әлеуеті қызықтырады. Біз бұл өңірде барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Оларды жүзеге асыру үшін озық технологиялар мен қаржы ресурстарын ұсына аламыз.

Форум аясында отандық өнімдердің көрмесі өтті. Қазақстандық өндірушілер ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қайта өңдеу салаларының үздік үлгілерін ұсынды. Айдар Нағыметов біздің елде ғана өндірілетін мал азығының қоспасын әзірлеген. Құрамы тек табиғи таза өнімдерден тұратын бірегей отандық жобаға бүгінде Өзбекстан, Беларусь, Ресей мен Малайзия елдері үлкен қызығушылық танытып отыр. 

Айдар Нағыметов, Кәсіпорын директоры:

- Бұл жемшөп қоспасының көмегімен малдың салмағы мен күйі артады және еттің сапасы бірнеше есе жақсарады. Бұл ақуыз тек қана Қазақстанда өндіріледі. Әлемде оның баламасы жоқ. Сондықтанда Қазақстанда әзірленген бірегей жоба бойынша көбі әріптестік орнатқысы келеді. 

Осы орайда, еліміздің солтүстік өңірінің Қытаймен тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келетінін айта кету керек. Тек биылдың  сегіз айында тараптар 105 млн долларға сауда жасасқан. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есе жоғары.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?