Қазақстан былтыр 20 млрд доллардан астам инвестиция тартты. Еліміз әлі де экономикаға шетелдік капитал ағынын арттыруға ниетті. Премьер-Министр Дүниежүзілік банк сарапшыларымен инвестицияларды ұлғайту жөніндегі шараларды талқылады. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыруға және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға басымдық беретінін атап өтті. Қазақстанда инвесторлармен өзара іс-қимылдың тұтас архитектурасы құрылуда. Яғни, капитал тарту үшін шет елдерде сыртқы контурды күшейтуден бастап инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту әрі ел ішіндегі жобаларды қолдаудың тиімділігін арттыруға дейінгі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, бизнеске жағдай жасау үшін арнайы «Алтын виза» енгізілді. Кездесуге қатысушылар әлемдік үрдістер жағдайында тікелей шетелдік инвестициялар ағынын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Бұл ретте әңгіме еңбек өнімділігіне инновацияларды енгізу, тиімділікті арттыру, инвестициялық жобаларға жеке капиталды тарту тетіктерін енгізу туралы болды. Кездесу барысында тараптар табыс деңгейі жоғары экономикаға көшу, инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру, сондай-ақ АІ сияқты стратегиялық мәселелер бойынша пікір алмасты.

