Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл. Атаулы датаға орай Президент сала қызметкерлерін құттықтады. Қара алтын алғаш рет Атырау облысында өнідірілді. Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік жетекші мұнай-газ корпорацияларының саланы дамытуға үлесін жоғары бағалады. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.
Сондай-ақ Президент бұл секторда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндетке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Мұнай өңдеу секторын дамыту маңызды. Заманауи экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз ету керек. Мұнай-газ химиясының да келешегі зор.