Елордадағы №1 индустриялық паркте 336 млрд теңгенің 140
жобасы жүзеге асырылуда. Ол «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында
орналасқан. Мұнда 82 кәсіпорын жұмыс істейді. Тағы 58 өндіріс ошағының іргесі
қалануда. Оларды келесі жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Алмат Әлімбай, «Astana Invest» департаментінің директоры:
- № 1 индустриялық парк аумағында бірнеше үлкен зауыттар
орналасқан. Яғни, олар өнімдерінің басым бөлігін экспорттайды ТМД елдеріне. Жалпы
инвестиция тарту барысында «бір терезе» қағидасы бойынша тартылады. Ол жерде
инвестор өз тарапынан келіп, бір өтініш арқылы жобаның аяқталуына дейін сүйемелдеп
бағыт бағдар көрсетіп қолдап отырады. Астана қаласына сырт елдерден
инвестициялар тартылып жатыр. Түркия мемлекетінен, Ресей мемлекетінен, Қытай
Халықтық Республикасынан инвесторлар ағымы өте жоғары.
Модульдік құрылыс зауыты индустриялық аймақтағы ірі
жобалардың бірі. Бұл кәсіпорын көлемдік-блокты
баспана өндірісін жолға қойды. Компания қажетті инженерлік желілермен
жабдықталған дайын бөлмелер жасайды. Яғни, ішкі әрлеу жұмыстары бастан-аяқ
өндіріс аумағында жүргізіледі. Астанада дәл осы технология бойынша ондаған
тұрғын үй кешені салынған.
Валерий Зорин, Зауыт директоры:
- Бүгінгі таңда кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 120 мың шаршы метрді
құрайды. Бүгінде бұл көлем толық жүзеге асырылуда. Үш жыл бұрынғы көрсеткішпен
салыстырсақ, өнімділік үш есе артты. Қазір өндірістік үрдіс барлық талаптарға
саәйкес мұқият қадағаланады. Жалпы дайын өнім шығару үшін пайдаланатын материалдардың
60% жуығы жергілікті шикізат. Яғни, өндірістің Қазақстандық үлесі артып келеді.
Индустриялық парк аумағында қазір заманауи
сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар, жиһаз, сондай-ақ медициналық
жабдықтар шығарылады. Бүгінде екінші паркті құру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда
инвесторларды тарту арқылы жалпы құны 500 млрд теңгеге бағаланған 100 астам
жобаны іске асыру межеленген. Айта кетейік, ел экономикасына салынған қаржы
бойынша Астана көш бастап келеді. Тек биыл 9 айда оның көлемі 40% өсіп, 1,7
трлн теңгеге жетті.

