Қазақстан тиімді трансқұрлықтық транзиттік бағыттардың желісін құруға ниетті. Айта кетейік, ел арқылы 13 халықаралық дәліз өтеді. Мәселен жақында еліміз Иран Түрікменстан, Ресеймен «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін дамыту бойынша Жол картасына қол қойды. Аталған құжат 2030 жылға қарай оның өткізу қабілетін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал елдің көлік-логистикасын жетілдіру үшін 2027 жылға дейін 1300 шақырым жаңа теміржол салынбақ. Ал автотасымалдарға арналған жаңадан 12 мың шақырымға тарта жол төселеді.
Сонымен қатар алдағы 5 жылда Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекарасындағы 36 көлік өткізу пунктін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған. Бұған қоса Қазақстан порттарының өткізу қабілетін жылына 30 млн тоннаға дейін артыру көзделіп отыр.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР көлік
вице-министрі:
- Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде теміржол тасымалы бойынша экспорт 130 млн.тоннаға дейін жеткізіледі. Ал импорт пен транзит көлемі сәйкесінше 60 және 65% дейін артады. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт көлемінің 2 есеге, ал транзит көлемінің 6 есеге өсуі күтілуде.
Жеңіс Ермұқанов.