Биыл Құрық теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі үш есеге артты. Бұған дейін паром арқылы тек Әзербайжаннан тауар тасуды жүзеге асырған болатын. Сондай-ақ биыл Маңғыстаудан Иранға паром желісі ашылды. Бұл бағыт арқылы жыл басынан бері 2,9 мың тонна жүк әкелінген. Негізінен өңірге құрылыс материалдары, жеміс-жидек пен көкөніс жеткізілген.
Пандемия кезеңінде Құрық портында автокөлік паромының жұмысы жанданды. Шекаралар жабылған уақытта порт жұмысын тоқтатпай, ПТР-тесті арқылы көлік жүргізушілерін өткізген.
Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
- 2020 жылы шілде, тамызда рекордтық жағдайда жеттік. Порт арқылы 40-50 мың көлікті жылына тасымалдай алатындай күші бар екенін көрсетті. Адамдар Грузиядан, Әзербайжаннан көліктерін алып келді. 2020 жыл Құрық портына өте жақсы жыл болды деуге болады.
Алдағы уақытта мұнда тек жүк тасымалы ғана емес, жолаушылар тасымалы да жолға қойылмақ. Әзербайжан мен Құрық порты арасындағы паромда 30 адамға арналған каюталар болса, биылдан бастап орын санын 200-ге дейін арттыруға келісім жүріп жатыр. Сонымен қатар жол ұзақтығы да 4 сағатқа қысқарған.