Қазақстан экономикасының өсім көрсеткіші 6,2% жетті

Қазақстан экономикасының өсім көрсеткіші 6,2% жетті

Қазақстанның ЖІӨ 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,2%-ға өсті. Бұл ел экономикасының соңғы 14 жылдағы ең жоғары өсу көрсеткіші. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Серік Жұманғариннің айтуынша, өсімнің негізгі көзі экономиканың нақты секторы мен қызмет көрсету саласы. Негізгі қозғаушы күші де көлік және құрылыс саласы. Сондай-ақ, сауда саласында да жандану байқалады, тау-кен өнеркәсібінің, өңдеу секторының өсуі жалғасуда. Инвестиция көлемі де 19%-ға өскен. Бұл ретте капитал салымдары көлемінің ұлғаюы білім беру, қаржы қызметі, денсаулық сақтау сынды болашақ экономиканы қалыптастыратын салаларда да байқалады. Сонымен қатар, 2025 жылдың бес айында сыртқы сауда айналымының көлемі 53,5 млрд долларға жетті. Бұл ретте экспорт 30 млрд долларды құрады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі:

- Жаңа егін түсімінің астық экспорты 35,2%-ға өсіп, бұл астық эквиваленті есебімен 11,8 млн тонна астық пен ұн, оның ішінде 9 млн тоннасы астықтың таза экспорты - бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Экспорттың негізгі бағыттары Өзбекстан және Тәжікстан, сонымен қатар Иран мен Әзербайжан нарығына да оралдық.

Үкімет экономиканың өсуін ынталандыру үшін бірқатар бағытты белгіледі. Бұл мұнай өңдеу, металлургияны жаңғырту, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды жаңарту, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және минералдық-шикізат базасын, оның ішінде сирек кездесетін металдарды ұлғайту. Сондай-ақ, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау, теміржол машина жасау, тыңайтқыштар өндіру салаларын дамытуда үлкен әлеует бар. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы әртараптандыру арқылы $450 млрд-қа дейін қол жеткізуге қатысты берген тапсырмасының биік, бірақ қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ көлемі $286 млрд-ты құрады. Биыл экономикалық өсу көрсеткіштерін ескеріп, $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы $450 млрд-қа қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарда бар. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?