Астананың
жаңартылған бас жоспарында 130-дан астам инвестициялық жоба қамтылған. Соңғысы
2035 жылға дейін жүзеге аспақ. Инвестициялық жобалар өнеркәсіп, логистика,
әлеуметтік және іскерлік инфрақұрылымда жүзеге асады. Экологиялық қауіпсіздік
те ұмыт қалмаған. Жобалардың қоршаған ортаға әсері сараптамадан өтіп, олардың
ауа мен судың тазалығына ықпалы ескеріледі.
Виталий Кузин,
«Жасыл көпір» компаниясының директоры:
- Астанада жоспарланып жатқан 134 ірі инвестициялық
нысан үш топқа бөлінеді. Оның алғашқысына өндірістік объектілер жатады. Олар
негізінен қаладағы солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасады. Бұл аумақта
қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған зауыттар мен энергетикалық инфрақұрылым бар.
Логистикалық нысандар қаланың негізгі магистральдарына жақын салынады. Атап айтқанда,
Қорғалжын және Қарағанды бағытындағы тас жолдар бойына шоғырланады. Мұнда
логистикамен байланысы бар нысандарға орын бөлінген. Ал әлеуметтік нысандар
қатарында спорт кешендері, ауруханалар және балаларға арналған орталықтар салынады
Гүлдана Әбіш,
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ сәулетшісі:
- Бас жоспар аясында салынатын нысандардың ауаның
сапасына, су ресурстарына, жасыл аймақтардың жағдайына және халық денсаулығына
ықпалы талданды. Сонымен қатар қаланың одан әрі дамуы барысында экологиялық
қауіп-қатерді азайту мен табиғи тепе-теңдікті сақтау шаралары да қарастырылады.

