Қазақстандағы «Созақ» кен орнына барлау жалғасады. Қызылорда
облысындағы ірі кенішті игеру бойынша жаңа жоба іске қосылмақ. Бұл жердің
қойнауынан бір трлн текше метрге дейін дәстүрлі емес газ өндіру жоспарланып
отыр. Күрделі көгілдір отын өндірісіне жеті жарым млрд доллардан астам шетелдік
инвестиция бағытталды. Бұл ауқымды жобаны Қытайдың Geo Jade Petroleum
Corporation халықаралық энергетикалық компаниясы іске асырады. Игерілген өніммен
ішкі нарықты қамту көзделуде. Аталған шикізат отандық газ химиясын дамыту үшін
пайдаланылады. Жоба 2045-ші жылға дейін есептелген және бюджетке 5 млрд долларға
дейін түсім әкеледі деп күтілуде. Инвестор технологиялармен бөлісуге, қазақстандық
мамандарды оқытуға және жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға міндеттеледі. Айта кетейік,
қытайлық компания Қазақстандағы ірі энергетикалық жобаларға 3 млрд доллардан
астам инвестиция салды.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest «ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз үшін, Қазақстан үшін, біздің компания үшін бұл өте
маңызды энергетикалық жоба екенін сеніммен айта аламын. Мұндай ірі көлемдегі бастама Қазақстан үшін
мүлдем жаңа бағыт. Өйткені бұл кен орнында күрделі және дәстүрлі емес газ
өндірілетін болады. Жалпы әлемде Америка Құрама Штаттары мен Қытай осы салада
көшбастап келеді.

