Көшбасшылық, тұрақтылық пен ілгерілеу – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының, дамуының және нығаюының негізінде жатқан маңызды ұғымдар. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда мәлімдеді. Өз сөзінде ол Қазақстанның Орталық Азия елдерінің ішінде, бірінші болып БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғанын ерекше атап өтті. Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған саясатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәтті жүзеге асырып жатқанынын да тілге тиек етті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдың ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәртебесі биік тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады. Оны одан әрі нығайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолға алып, нақты стратегиялық міндеттер қойды. Біз бір ел, бір халық болып осы алға қойған мақсаттарымызға абыроймен жетеміз деп сенемін.
Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы
Сонымен қатар конференцияға көрнекті шетелдік және қазақстандық мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. РФ Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуковтың айтуынша, Қазақстан – бүкіл Еуразиядағы интеграциялық үдерістердің локомотиві. Тәуелсіздік жылдарында еліміз үлкен экономикалық серпіліс жасай алды. Атап айтқанда, көршілес елдермен тауар айналымының көлемі жыл сайын артып, бірлескен кәсіпорындар іске қосылып, еңбек көші-қоны дамып келеді. Қазақстан әлем мойындаған көшбасшы елдердің қатарында.
Александр Жуков, РФ Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары:
- Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады. Біз Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың толыққанды белсенді мүшесі бола отырып, бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын көріп отырмыз. Оның артында бейбітшілікті сақтау мен тұрақты даму негіздері бар. Бұл бастамалар Қазақстаның әлемдік аренадағын беделін айшықтады.