Қазақстанда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды

Қазақстанда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды

Қазақстан Президенті New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының аясында «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін телекөпір форматында іске қосты. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба. Ол Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына серпін беріп келеді. Бұл желі Қазақстан мен Қытайды жалғады. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейте түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бәріміз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің ресми ашылуына куә болып отырмыз. «Достық – Мойынты» жолы – шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы. Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз. Ал тарихымызға үңілсек, осыдан отыз бес жыл бұрын «Достық – Алашаңқай» жобасы іске қосылды. Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысты. Бұл еліміз үшін тарихи оқиға болды.

Еліміз бүгінде Еуразиядағы басты транзит хабының біріне айналды. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұр. Жеріміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Соңғы он жылда осы салаға шамамен 35 млрд доллар инвестиция салынды. Бұл жұмыс жалғасады. Темір жол саласының алдында ауқымды міндеттер тұр, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Салаға цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізілетін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?