Қазақстан экономикасы 5% өсті

Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында осылай деп баяндады. Әлібек Қуантыровтың дерегінше, бұл ретте нақты сектор мен қызмет көрсету саласында алға басу байқалады. Әсіресе құрылыс, ақпарат және байланыс ең жоғары өсім көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестицияларда қарқын ала түскен. Олардың ағыны, әсіресе, көлік пен қоймалау бағытында жақсы сезіледі. Мұндағы инвестициялық өсім 60 процентке жуықтаған. Есесіне отандық автоөндіріс артып келеді. Сонымен қатар сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды. Яғни, елімізде іскерлік белсенділік артып келеді. Сауда-саттыққа құйылған қаржы үштен бірге артқан. Бұл өз кезегінде сыртқы алыс беріске де оң әсерін тигізіп отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сауда тауар ай-налымы 8%-ке өсіп, 55,8 млрд долларды құрады. Экспорт 31,6 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ке ұлғайып, 10,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 24,2 млрд долларға жетті. Жалпы, оң сауда балансы 7,4 млрд долларға тең.

Үкімет басшысы жыл соңына дейін экономиканың өсуін сақтауды қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартудың қамы екенін тілге тиек етті. Бұл ретте бағаны реттеу маңызды. Ол инфляцияға тікелей қатысты. Оның  деңгейі төрт ай қатарынан төмендеп келетінін айта кету керек. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Алдымызда тұрған аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6 пайызға дейін төмендеді. Дегенмен, осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету керек. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жаһандық бәсекелестік жағдайында елге   стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет және олардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу маңызды екенін айтты.