Сенаторлар Қазақстандағы цифрлық активтердің дамуын талқылады. Деутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тиісті заң қабылданғалы бері майнингпен айналысуға 70 лицензия беріліп, 12 криптонарықта жұмыс істейтін 400 мыңнан астам құрылғы тіркелгенін айтты. Бұған қоса, Астана Халықаралық Қаржы Орталығында 27 цифрлық провайдер қызмет көрсетеді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары нарықты реттеу мен инвесторларды қорғауға қажетті заңнамалық түзетулер ұсынды. Бұдан былай, инвесторларға қолдануға рұқсат етілетін криптовалюталар тізімі бекітіліп, қызмет көрсетуші провайдерлерге тұтынушылық операциялар бойынша шекті меже белгіленбек. Бұл бастамалар көлеңкелі криптоқаржы айналымын қысқартып, тұтынушылар құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Берік Шолпанқұловтың айтуы бойынша, цифрлық қаржы активтерін экономикалық айналымға енгізу және оған қажетті инфрақұрлым жасау үшін жаңа деңгейдегі цифрлық құралдарды іске қосу қажет.
Берік Шолпанқұлов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
– Цифрлық қаржы активтерінің үш түрін қолданысқа енгізу жоспарланған. Бірінші түрі – стейблкойндар, олардың базалық активі күнделікті өмірде айналымда жүрген әдеттегі қолданыстағы ақша. Бұдан былай, стейблкойнды шығару мен айналымға енгізу тәртібін Ұлттық банк белгілейтін болады. Цифрлық қаржының екінші түрі – базалық активі ретінде жинақталған қаражат немесе әртүрлі қаржы құралдары, иелік ету құқығын растайтын құжаттар, тауарлар мен өзге де мүлік түрлері негіз болған цифрлық қаржы. Электронды қаражаттың үшіншісі – цифрлық платформада және электронды-цифрлық үлгіде шығарылған қаржы құралдары.

