Елорда университеттері наурызды тойлай бастады

Қазақстанда наурыз мейрамын жаңа форматта тойлау басталды. Елімізде Әз-наурызды атап өтудің мән-мағынасын кеңейту мақсатында осындай шешім қабылданды. Түркі халықтарының жаңа жылы ретінде қалыптасқан бұл мейрамды тойлау енді 10 күнге жалғасады. Бастамаға алғашқылардың бірі болып Астанадағы жоғары оқу орындары қолдау білдірді. 

Мәселен, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде салтанатты шаралар басталып кетті. Оқу ордасының студенттерінен бастап, қызметкерлері, профессорлары  мен басшылығы ұлттық киіммен келуде. Дәстүрлі, ұлттық оюмен өрнектеліп, безендірілген шапандар және тақиялар, одан қалды қамзолдар көнеден келе жатқан мейрамның атмосферасына бөлеуде. Жиналған жұртшылыққа арнап қазақ ақындарының танымал шығармалары мен күйшілердің аңызға айналған туындылары шырқалды. Университет басшылығының айтуынша, Наурызнама – ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайту мен кемел болашаққа нық қадам басудың алғышарттарының бірі.  

Жанна Құрманғалиева, Л. Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ коммерциаландыру мен интернационалдандыру жөніндегі проректоры: 

– Биыл жасалған үлкен қадам – Мемлекет басшысының Әз-Наурызды 10 күн бойы 14 мен 23 аралығында тойлау туралы шешімі деп білемін. Ұлттық киім күні, Ұлттық спорт күні мен тазалық күні секілді өте маңызды күндерге бөлінген. Мәселен, тазалық күні жаппай ағаш отырғызамыз. Менің ойымша осы бұрыннан келе жатқан қазақтың дәстүрінде Әз-Наурыздағы әр күннің өзінің терең мағынасы бар. Қазір де, еліміздің, халқымыздың бірлігін сақтау үшін осы мейрамның маңыздылығы ерекше.