Қазақстан бірінші жартыжылдықта 11 мың тонна уран өндірді

Қазақстан бірінші жартыжылдықта 11 мың тонна уран өндірді

Мемлекет басшысына биылдың бірінші жартысында «Қазатомөнеркәсіптің» атқарған қызметі туралы ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы есеп берді. Мейіржан Юсупов 6 айда уран өндіру көлемі 11 мың тоннаға, ал өнімді сату көрсеткіші 8 мың тоннаға жеткенін атап өтті. Қазақстан Президентіне Ұлттық компания жүзеге асырып жатқан жобалар, сондай-ақ геологиялық барлау активтерінің портфелін кеңейту жоспары туралы да баяндалды.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ» басқарма төрағасы:

– Мемлекет басшысына еліміздің минерал-шикізат базасын толықтыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да хабарладым. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі «Инкай» кен орнының 3-і учаскесі есебінен компаниямыздың қорларының өсуі болды. Бұл өсімнің көлемі 83 мың тонна уранға бағаланады. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы геологиялық барлау мен ресурстық базаны толықтыру маңыздылығын атап өтті және осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.